10 жел, 2020 сағат 10:58

Қараша айында іскерлік белсенділік индексі өсті - Ұлттық банк

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов қараша айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Іскерлік белсенділік индексі қараша айында біршама өсіп, 48,8-ден 49,4 көтеріліп, 0,6 тармаққа жақсара түсті. 

«Индекстің өсуіне құрылыс саласындағы жағдайдың жақсарғаны әсер етті десе де болады. Айталық, осы жылдың ақпан айынан бері, яғни бұл сала алғаш рет қазандағы 47,6-дан 52,5-ке көтерілді. Дегенмен өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында, сәйкесінше, жағдай сол күйі – 49,6 және 48,7. Аймақтар арасында қараша айында іскерлік белсенділік Солтүстік Қазақстанда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында әлдеқайда жақсарған. Ал, керісінше, индекс Батыс-Қазақстан облысында біршама төмендеп отыр», – деді Жандос Шаймарданов.

Оның айтуынша, бизнес индексінің көрсеткіші қарашада 1,3 болды (осы жылдың қазан айында - 0,0 еді), бұл – өз кезегінде бизнес жүргізуге жақсы жағдай жасалғанын көрсетеді. Яғни, кәсіпорындар қазіргі бизнеспен байланысты жағдайға жақсы баға беріп отыр. Респонденттер бизнес жүргізудегі жағдайдың желтоқсан айында да жақсара түсетініне кәміл сенеді. Оған берілген болжамды баға – 4,3.

Іскерлік белсенділік индексі кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнамаға негізделіп жасалады. Олардың қазіргі көрсеткіштері, келешектегі өзгерістерге деген болжамдары – бәрі ескеріледі. Қараша айында мұндай сауалнамаға 451 кәсіпорын қатысты: құрылыс – 64, өнеркәсіп – 169, қызмет көрсету саласы – 218.