Мемлекеттік инспекторлар шет елдерден фитосанитариялық қаупі жоғары, карантинге жатқызылған заңсыз өнімдер әкелуге қатысты 90 әрекетті анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2018 жылдың 1-14 желтоқсан аралығында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстық аумақтық инспекцияларының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Ресей, Өзбекстан және Қытайдан фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жатқызылған өнімдерді заңсыз әкелуге қатысты 90 әрекетті анықтады», делінген хабарламада.
Фитосанитариялық бақылау кезінде Ресейден - 1,3 тонна-құрама жем, 2,5 тонна банан, 1 тонна сарымсақ, 51 тонна бидай, 1,05 тонна грек жаңғағы, 1 тонна кепкен жеміс, 21,25 тонна ұны, 20 тонна - бидай жармасы, 10 тонна күнбағыс, 40 тонна картоп, 0,5 тонна қияр, 57 ш.м. ағаш кесінділері және Қытайдан 1,5 ш.м. ағаш кесінділері, 3 тонна-үрмебұршақтың фитосанитариялық сертификатсыз тасымалданғаны анықталды.
Сонымен қатар, Өзбекстаннан қол жүгін тасымалдауға қойылған шектеулерге қарамай, осы көрсетілген аралықта 64 жағдайда карантинге жатқызылған өнімдердің (2,48 тонна жеміс, кепкен жеміс, көкөніс, жаңғақ, 17 дана көшет, 1 297 дана гүл кесінділері) әкелгендігі анықталды.
Өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалардың талаптарына сәйкес, аталған өнімдер Қазақстан аумағына тасымалдауға тыйым салынған. Жүктер Ресей Федерациясына, Қытайға және Өзбекстанға кері қайтарылып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.