28 сәу, 2020 сағат 19:47

Карантиндегі жұлдыз: Белгілі әртістер Батырхан Шүкеновтің әндерін орындайды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында ертең, 29 сәуірде әнші Батырхан Шүкеновті еске алу концерті өтеді.

«Онлайн концерт барысында қазақ эстрадасының белгілі әртістері Роза Рымбаева, Сағынай Абдуллин, Наджиб Вильданов, Ренат Гайсин, Жанар Дұғалова, Рүстем Нұржігіт, Диная, Әли Оқапов, Сырымтай Еңсепов тікелей эфирде Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы әндерді орындайды», - деп атап өтеді Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетсек, 23 наурыздан бастап министрліктің бастамасымен Қазақконцерт пен Қазақтелеком ұйымдары бірлесіп, Live форматындағы «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жобаны бастады. Оның аясында танымал қазақстандық өнер жұлдыздары мен Қазақконцерттің әртістері жанды дауыста және онлайн форматта өнер көрсетеді. Өнерсүйер қауымға әртүрлі бағыттағы – фольклорлық, эстрадалық, классикалық және ұлт аспаптық орындауда концерттер ұсынылады. 

Жобаның басты артықшылығы – көрермен қауым сүйікті әншілерінің өнерін үйдегі жайлы атмосферада тамашалай алады.

Осы күндері Роза Рымбаева, Сәкен Майғазиев, Медеу, Жеңіс Сейдуллаұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Ғаділбек Жаңай, Бекболат Тілеухан, Құрмаш Маханов пен Әміре, Толқын Забирова, Ардақ Балажанова мен Клара Төленбаева сынды белгілі әншілер өздерінің онлайн концерттерін беріп үлгерді.