20 сәуірден бастап елордада өнеркәсіп кәсіпорындары, өндіріс орындары жұмыстарын қайта жандандыра бастаған болатын. Осыған орай БАҚ өкілдері жұмысын бастаған өндіріс ошақтарында қызметкерлердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіліп жатқанын көріп қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қала әкімшілігінен 20 сәуірден бастап жұмыс істеуге рұқсат алдық. Карантиндік сақтық шараларын барынша қабылдап, жұмысымызды бастап кеттік. Жалпы өндіріс орнымызда 20-дан астам жұмыс істейді. Бірақ, санитарлық талаптарды ескеріп, екі ауысымда 5 адамнан өндіріске шығып жүр. Жұмысшыларымызды медициналық маскамен, қолғаппен, залалсыздандыратын сұйықтықпен қамтамасыз етіп отырмыз. Олар масканы ауысым барысында үш рет ауыстырады», - деді елордалық тілшілер ең алдымен ат басын тіреген «Лашын фактори» ЖШС-ның техникалық директоры Самат Нұрманов.
Компания мұнаралы крандар мен құрылысқа арналған лифтілер құрастырумен айналысады. Өндірісін енді бастаған компания бірінші кезеңде 600 млн, екінші кезеңде 1 млрд теңге инвестиция құйып, өнімдерін көрші елдерге де экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Компания биікті 40, жебесі 56 метр болатын крандар құрастырмақ.
«Қазақстанда мұнаралы кран мен өндірістік лифті шығарылмайды. Ал құрылыс компанияларымыздың қажеттілігі импорт есебінен қанағаттандырылып отыр. Сондықтан ипорталмастырушы компанияға айналып, еліміздің құрылыс компанияларын өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуді жоспарлаудамыз. Келешекте өнімдерімізді Орта Азия елдеріне, Ауғанстанға экспорттауды да ойластырудамыз. Біз жылына 100 кран құрастыра аламыз», - деді ол.
«GLB» үй құрылыс кобинаты да карантин кезінде өндіріске рұқсат берілгеннен кейін жұмысшыларының қауіпсіздігіне баса назар аударып отыр. Комбинаттың бақылау-өткізу пункті күзетшілері өндіріс аумағына әр адамның дене қызуын өлшеп қана өткізеді. Сонымен қатар бетке медициналық маска тағып, қолға қолғап кию де міндетті. Комбинаттың әр жеріне залалсыздандыру сұйықтығы қойылған.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұсынған барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстап отырмыз. Күн сайын жұмысшыларымызды арнайы бөлінген 6 автобуспен алып келіп, қайта үйлеріне жеткізіп отырмыз. Автобустар күнделікті залалсыздандырылады. Жұмысшылар жиі шоғырланатын жерлер күні бойы жуылады. Бұған қоса, залалсыздандырушы кәсіпорындармен келісімшарт жасадық. Олар күн сайын 2 804 шаршы метр аумақты залалсыздандырады», - деді «GLB» ЖШС-ның басқарушы директоры Эльдар Қасымов.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мемлекеттік комиссиясы 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін бекітті. Тізімде өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері, көлік, қойма компаниялары, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу және екінші деңгейлі банктер бар.