Елорда тұрғындары карантиндік режимнің шектеу шараларын елемей, мейрамханаларда отбасылық жиындарды өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өткен демалыс күндері мобильді топ кәсіпкерліктің 404 нысанын тексеріп, карантиндік режимді бұзудың 34 фактісін анықталды», - деп аталып өткен қалалық Полиция департаменті мәліметінде.
Мобильдік топ құрамындағы полицейлер күн сайын рейдтік шараларды жүргізіп, ереже бұзғандарды анықтап жатыр. 21 қараша күні «Алаша» мейремханасында «Тұсау кесер» тойына арнап дастархан жайылған. Бұл шараға 50-ден астам қонақ жиналды. Сонымен қатар, өткен сенбіде «New Stars» мейрамханасында «Беташар» отбасалық шарасы ұйымдастырылып, оған 70-тен астам мейман келген. Қонақтар әлеуметтік қашықтықты сақтамай орналастырылған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, мейрамхана иелері мен қонақтары адамдардың көптеп жиналуы өздерінің денсаулығына, сондай-ақ отбасы мүшелеріне, яғни қарттар мен балалардың денсаулығына қатер тудыратынын түсінбей жатыр. Оларға қатысты материал жинақталып, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті мекемеге жолданды.