25 мау, 2020 сағат 12:28

Карантин салдарынан қай өңір тұрғындары табысын көп жоғалтты?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов карантин салдарынан қай өңір тұрғындары табысын көп жоғалтқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұны жұмыспен қамту органдарына тіркелген тұлғалар санына байланысты қадағалап отыруға болады. Аталған органдардың дерегіне сәйкес, жұмыссыз ретінде тіркелгендердің пайыздық үлесі Түркістан мен Алматы облысында жоғары болып тұр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Дегенмен, оның атап өтуінше, карантин салдарынан ірі қалалардың тұрғындары арасында кірісінен айырылғандардың саны өте көп.

«Карантин шектеулеріне, індетке байланысты жұмысынан айырылған адамдарды бағалау тұрғысынан алар болса, онда сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі табыссыз, жұмыссыз қалды. Ал олардың басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тіркелген», - деді Біржан Нұрымбетов.