20 мам, 2020 сағат 10:50

Карантин кезінде шомылған 4 адам суға кеткен – ТЖК

Биыл жыл басынан бері еліміздегі су айдындарында 38 адам суға кетті, оның ішінде 13-і кәмелет жасына толмағандар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздегі карантинге қарамастан, белгіленбеген жерде суға шомылған 4 адам суға кетіп қаза тапқан. Қайғылы оқиға Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларында, Ақмола және Түркістан облыстарында тіркелген. 

Сондай-ақ, жыл басынан бері Алматы – 6 адам, Қарағанды және Түркістан облыстарында 4 адамнан қаза тапты. 

Су айдындарындағы қайғылы оқиғаның басты себептері: балық аулау ережесін сақтамау (22 адам, оның ішінде 5 адам мұз астына түсіп кетті); мұз жарылып суға кету (6 адам, оның ішінде 6 бала ойын кезінде), қараусыз жүрген балалардың суға құлауы (6 бала); күшін жете бағаламау, су бұрғышқа шомылу, қатты ағыс, аяқ-қол сіңірінің тартылып қалуы (3 адам, оның ішінде 1 бала); мас күйінде суға шомылу (1 адам).

Елімізде 111 қалалық және 481 жеке жағажай, сонымен қатар су айдындарына жақын орналасқан 70 балалар лагері анықталды. 

«Еліміздің су айдындарындағы оқиға санын азайту мақсатында құтқарушылар алдын алу жұмысын жүргізуде. Шомылу маусымы кезінде1 мыңнан астам құтқарушы қызмет атқарудың күшейтілген түріне ауыстырылды. 300-ден астам қайық пен 1 мыңға жуық құтқару құралы дайындалды. 

Құтқару бөлімшелерінде судағы ресми демалыс орындарын қамтуды арттыру үшін қосымша 85 құтқарушы жасақшы оқытылады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жедел-құтқару жасақтары жабдықталмаған учаскелер мен табиғи жағажайларға 55 маусымдық мобильді құтқару бекетті қойылады деп көзделіп отыр.