03 қаз, 2019 сағат 14:58

Қарағұсова жәрдемақы алатындардың көбейіп кеткеніне ашуланды

Парламент мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күдікпен қарайтынын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін депутаттар 2019 жылдың нақтыланған республикалық бюджет жобасын қарады. Сол жерде депутат Қарағұсова атаулы әлеуметтік көмекті алып жатқан адамдардың санына қарап, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күдік келтірді. Себебі ол бағдарламалардың аясында жұмыс орындары көптеп ашылуы қажет. Ал жұмыс орындары көптеп ашылған сайын жәрдемақы алатындардың саны азаюы тиіс. 

"Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған адамдардың саны 1 миллион 800 мың адамға жуықтады. Тәуелсіздік жылдары ішінде ондай болмаған. Бізде жұмысқа қабілетті 8 миллион адам бар. Сонда олардың ішінде шамамен 2 миллионы атаулы әлеуметтік көмекті алып отыр", - деді Қарағұсова.

Осы орайда депутат еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезіндегі жұмысын еске алды. Оның айтуынша, 2007 жылы жағдай қиын болды, ақша тапшы, жұмыс орындары да аз болды. Соған қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 1 миллион 500 мың адамнан 500 мыңға дейін қысқарған болатын. Бұның барлығы сол кездегі жұмыспен қамту саласындағы тиімді шаралардың нәтижесі дейді депутат.

"Сонда осы уақытқа дейін қолға алынған ауқымды жұмыспен қамту бағдарламалары нені өзгертті? Біз "Атамекенге" маман дайындау, қайта даярлау және шағын кредиттерге қыруар қаржы беріп келдік. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы басталды. 1 200 кәсіпорынды аштық. Біз үнемі жалақының көлемін көтеріп отырамыз. Не болып қалды? Осының бәріне кім жауап береді?", - деп атап көрсетті Қарағұсова.

Депутат жұмыс тобы аясында жұмыспен қамту бағдарламасына бөлінген барлық ақшаны есептеп, талдау жасаймыз деп отыр.