Қарағандыда жол қозғалысы қағидаларын әдейі бұзып, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірген жүргізушілер анықталып, ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Полиция мәліметінше, қаладағы Жедел басқару орталығы қызметкерлері бейнебақылау жүйелері арқылы жол қозғалысын тәулік бойы бақылау барысында бір топ жүргізушінің өрескел құқықбұзушылыққа жол бергенін тіркеген.
Анықталғандай, жүргізушілер қауіпті маневрлер жасап, қарсы қозғалыс жолағына шыққан, қауіпсіздік белдігін тақпаған және қозғалыс кезінде автокөліктен денелерін шығарған. Бұл әрекеттер өзге жол қатысушыларының өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Оқиға туралы ақпарат жедел түрде патрульдік полицияға беріліп, қабылданған шаралар нәтижесінде бес автокөлік Күнгей шағынауданы аумағында тоқтатылды. Құқықбұзушылыққа қатысы бар тұлғалар ұсталды.
Тексеру барысында әкімшілік заңнаманы бірнеше рет бұзу фактілері расталды. Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын бұзу, қарсы жолаққа шығу және қауіпсіздік талаптарын сақтамау деректері анықталған.
Барлық жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Көліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Қазіргі уақытта құқықбұзушыларды көлік жүргізу құқығынан айыру және әкімшілік қамауға алу мәселесі қарастырылып жатыр.
Полиция өкілдері жолда әдейі жасалатын қауіпті әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын ескертіп, жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға шақырды.
