18 қаң, 2021 сағат 08:00

Қарағандыда ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтірді

Қарағандыда қылмыстық топ мүшелері 2016-2020 жылдар аралығында жалған шот-фактураларды жазу бойынша заңсыз қызметпен айналысқан.

Қылмыстық топ мүшелелері ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қолға түскен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Аталмыш органның баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тергеу барысында 7 адамнан тұратын топ жалған келісімшарттар жасау және шығындарды жасанды көбейту арқылы бюджетке салық төлеуден жалтару кезінде салық төлеушілер-контрагенттерге көмектесу мақсатында бақылауда ұстаған 13 кәсіпорын құрғаны анықталды.

Аталған адамдардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 700 миллион теңгеден асады. 

«7 күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат, 1 күдіктіге қатысты үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс бекітілген айыптау актісімен сотқа жолданды»,-делінген ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.