Қарағанды өңірінде Абайдың 175 жылдығына орайластырылған шаралар жалғасуда. Облыстық балалар кітапханасы «Абай жаққан бір сәуле...» атты дәрістер сериясын өткізбек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биылғы жылы қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абайдың туғанына 175 жыл толады. Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында жыл бойы мерейтойға арналған әртүрлі шаралар өтетін болады.
Олардың қатарында әр тоқсан сайын «Абай жаққан бір сәуле...» тақырыбында лекция ұйымдастыру жоспарланған.
Дәріскерлер – филология ғылымдарының докторы, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Берік Рахымов пен филология ғылымдарының докторы, профессор, «Социум. Тіл. Мәдениет» қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрсұлу Бөкетова.
Бірінші дәріс 12 ақпанда өтеді. Басталуы сағат - 12.00. Шараға қала мектептерінің 9-11 сынып оқушылары шақырылды.
Естеріңізге сала кетейік, балалар кітапханасында Ұлы ақынның 175 жылдығына арналған мультимедиялық көрме-инсталляция ашылды. Ол жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады.