Фото: ашық дереккөз
Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Үміт Самғау» қаржы пирамидасын ұйымдастыру және оған басшылық ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі болғандай, компания өз қызметін қайырымдылық жобасы түрінде көрсетіп, жалғызбасты аналар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек береміз деген желеумен жұмыс істеген.
Ұйымдастырушылар азаматтарға салған қаражатынан 300%-дан 800%-ға дейін табыс табуға уәде беріп, түрлі «салым түрлерін» ұсынған. Салым неғұрлым көп болса, табыс та соғұрлым жоғары болатыны айтылған.
Алайда төлемдер нақты кәсіпкерлік қызметтен емес, жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүргізілген. Бұл классикалық қаржы пирамидасының белгісі болып табылады.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушы өз туыстары мен таныстарын “дроппер” ретінде тартып, олардың атына тіркелген банктік карталар арқылы ақша жинаған.
Қазіргі таңда 400-ден астам азамат зардап шеккен, ал жиналған қаражаттың жалпы көлемі 100 миллион теңгеден асты.
Сот шешімімен күдіктінің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды.
Тергеу жалғасуда.
