02 там, 2021 сағат 18:14

Қарағандыда 4 жасар бала терезеден құлап кетті


Қарағандыда көпқабатты үйлердің бірінде бесінші қабатта орналасқан пәтер терезесінен 4 жасар бала құлап кетті. Сәби түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

1 тамыз күні сағат 23:40-та Қарағандыда көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтердің терезесінен 2017 жылы туған бала құлап түсті. 

Алдын ала мәлімет бойынша, бала ересектердің қарауынсыз қалған. Ол Мақажанов атындағы клиникаға жеткізілді. 

«Балада біраз жарақат бар - жабық кеуде жарақаты, оң жақ өкпенің көгеруі. Екі аяғы бірнеше жерден жарақаттанған. Иек аймағының көгерген жарасы. Іштің жарақаты. Жағдайы тұрақты, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Құтқарушылардың айтуынша, ересектер қарауынсыз қалу - балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себебі болып отыр. 

Осыған байланысты облыстың ТЖД қызметкерлері ата-аналардан кішкентай баласын мұқият қадағалауды, оларды терезесі ашық үйде жалғыз қалдырмауды сұрайды.