Қарағанды облысында 10 күн бұрын жоғалып кеткен кәсіпкердің бос автокөлігі табылды. Ер адамның өзін іздеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған дейін хабарланғандай, 5 қыркүйекте Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне Бұқар жырау ауданы Доскей кентінің 36 жастағы тұрғынынан арыз келіп түскен.
Әйел 3 қыркүйекте күйеуі Өмірсерік Әлімқұлов 8.30 шамасында Мерседес-230 автокөлігімен Нұра ауданына қарай Шұбаркөл кентіне вахтаға шыққанын және осы уақытқа дейін оның межелі орнына жетпегенін хабарлаған.
Аталған факті Жаңаарқа ауданының полициясында тіркелген. Іздеу жұмысы басталды.
«12 қыркүйекте Қаражал қаласы және Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Шалғы кентінен Жаманайбат кенішіне дейінгі аралықта жоғалып кеткен ер адамды іздеді. Іздеуге бес мототехника және жол талғамайтын 3 көлік тартылды. Шалғы ауылынан 50 шақырым жерде полиция қызметкерлері жоғалған ер адамның Мерседес – 230 маркалы автокөлігін тапты. Көлікке көзге көрінетін зақым келмеген және бұзылмаған. Автокөлік есігі құлыптанған. Кинологтар, еріктілер және полиция департаментінің бүкіл гарнизоны жұмылдырылған іздеу шаралары жалғасып жатыр. ҚР ТЖМ Ми-8 тікұшағы іздеу аумағына ұшып шықты», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин.