Астанадан кейін Универсиада алауын алғашқы болып тұтататын облыстардың бірі - Қарағанды облысы. Алау эстафетасына өңір атынан ең үздік спортшылар қатыспақ. Қазір осы оқиғаны асыға күтіп отырған алау көтерушілер бүкіл жан-тәнімен спортшыларымызға жанкүйер боламыз деп отыр.
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2013 жылғы Қазақстан, Азия чемпионы, 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов алау көтеруші ретінде таңдап алынды. Спортшы 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы олимпиада жеңімпазы және Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қатысушысы болып табылады.
А. Жүсіпов Универсиада еліміз үшін аса айтулы оқиға болғандықтан, отандастарымызға жанкүйер болу үшін Универсиадаға міндетті түрде барамын деп отыр. «Біздің әрбір спортшымыз медаль жеңіп ала алады деп ойлаймын. Көптеген қазақстандықтар секілді мен жарыстарға барып, ойыншыларды қолдап, жанкүйерлер қатарынан табыламын. Сәттілік әрқашан оларға серіктес болсын деп тілеймін», - деді А. Жүсіпов.
Сондай-ақ, конкьимен жүгіру спорты бойынша ҚР спорт шебері, ҚР ұлттық жастар құрамасының мүшесі, жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР чемпионатының жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының және қысқы жастар ойындарының қола жүлдегері Александр Чижиков Қарағанды облысы атынан Алау эстафетасына қатысу құрметіне ие болып отыр.
Александр күрес пен жарыс деген не екенін жақсы біледі, сондықтан Универсиада алау көтерушісі атану зор қуаныш қана емес, сондай-ақ, үлкен құрмет пен жауапкершілік дейді ол.
«Мен міне 9 жыл бойы конькимен жүгіру спортымен шұғылданып келемін. Республикамыздың бірнеше дүркін чемпионымын. Конькимен жүгіру спортына қоса, біздің өңірде бокс, күрес, дзюдо, велоспорт, хоккей аса танымал спорт түрлері болып саналады. Аймақтағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты қолдап дамыту, сондай-ақ, спорт кешендері мен алаңдарын көптеп салу қажет, - деп атап өтті А. Чижиков. - Жарыстар кезінде мен бүкіл жан-тәніммен елімізді қолдамақпын. Өкінішке қарай, мен Универсиадаға бара алмаймын, дегенмен, спортшыларымыздың жеңісіне сенемін. Алға Қазақстан!»
Естеріңізге салып өтейік, Қарағанды облысындағы эстафета екі кезеңге бөлініп өткізіледі: бірінші кезең Теміртауда, екінші кезең Қарағандыда өтеді. Алау тұтату салтанаты Теміртауда өтіп, аймақтың жас мамандары жұмыс жасайтын Металлургия комбинатының домнасынан және шахта көмірінен алынған от қалалық тостағанда біріктіріледі. Екінші кезең Республика сарайынан басталып, іс-шара «Қарағанды Арена» мұз сарайында аяқталады. Қарағанды облысы бойынша өтетін жол бағытының жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрамақ.