Қарағанды облысында 46 жылдан бері алғаш рет 1 миллион тонна астық жиналды. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылық бойынша орынбасары Шагурашид Мамалинов мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Астық бастыру науқаны аяқталып келеді. Гектарына 14 центнер астық шығып, жалпы көлемі 1 миллионнан астам тонна өнім алынды. Мұндай өнімділік 1970 жылдан бері 46 жылда алғаш рет жиналып отыр», - деді Мамалинов.
Сонымен қатар бүгінде өңірде картоп пен көкөністің 99,1 пайызы жиналды.
«Ең алдымен, бұл мемлекеттік қолдаудың, ауа-райының қолайлығының, инновациялық техника мен егіншілердің жоғары біліктілігінің арқасы», - дейді әкім орынбасары.
Оның мәліметтері бойынша, Қарағанды облысында ылғал сақтайтын технологиялар алқаптың 80 пайызында қолданылуда. Ал тамшылап суару технологиялары 1 мыңнан астам гектар жерге қолданылуда.