16 қаз, 2021 сағат 16:31

Қарағанды мектебінде ер адам мұғалімді ұрған


Белгісіз ер адам Қарағандыдағы мектеп-интернатқа кіріп, сабақ үстінде балалардың көзінше мұғалімді ұрып-соққан. Бұл оқиғаға Қарағанды облысының ПД түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Instagram-дағы танымал парақшалардың бірінде анонимді хабарлама жарияланды. Жазбада құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта оқитын бір оқушының ата-анасы оқу ордасына белгісіз бір ер адам кіріп, балалардың көзінше мұғалімді ұрып-соқғаны туралы жазылған. 

Бұл жайтқа полиция түсінік берді

«Полиция 14 қазанда №3 мектеп-интернатта осыған ұқсас оқиға болғанын анықтады. 25 жастағы ер адам осы оқу орнында мұғалім болып жұмыс істейтін әйелімен жанжалдасқаны белгілі болды. Ерлі-зайыптылар арасындағы әңгіме балалар болмаған кезде болды. Сондай-ақ, жанжал шығарған ер адамның радикалды діни ұйымға қатысы жоқ екені анықталды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған факті Қарағанды қаласының ПБ Киров полиция бөлімінде тіркелген. Сондай-ақ аталмыш жайтты Қарағанды облысының білім басқармасы да тексеріп жатыр. Мән-жайды анықтаған соң, шешім қабылданады», - делінген хабарламада.