Өнер жолында жүрген ел қайраткерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың деніне саулық тілеп, Тұңғыш Президентке жеделхат жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Біздің егемен еліміздің де басты қағидасы - төзім мен түсіністік. Осы елді ел қылып, еңсесін көтеріп, ішкі және сыртқы саясатта даңғыл жолға салған Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың короновируске шалдыққанын естіп, қапелімде абдырап қалғаным рас. Аты жаман індеттің аттың үстінде жүрген азаматтарды айналып өтпеуі - кез-келген адамды үлкен ойға жетелеуі де түсінікті шығар.
Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Ел үшін жасап жүрген ұлан-ғайыр еңбегіңізді, шекарамызды бекітудегі тынымсыз тірлігіңізді жоғары бағалайтын әр қазақ Сіздің сауығып шығуыңызға тілектес! Мен де шын жүректен тілек қосамын", деді белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев.
Осы орайда, танымал жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов та тілеулестік білдірді.
Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен Сырдың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Шаһнама» дастаны аудармасы қайта басылып шығарылған кезде Қызылордада кездескен болатынмын. Елбасымызға Тұрмағамбеттің ескі қадимше жазылған дастанның қолжазбасын сыйлаған едік. Сол кезде Елбасымыздың өте ширақ, үнемі бір қалыпта жүретіндігін байқағанмын.
Бабам қазақ: «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» дегендей, дертке шипа тілеймін! Аты жаман науқас артта қалып, жақсы күнге шығып, мемлекеттің бұдан әрі де дамуын қара орман еліміздің Елбасымен бірге көруін нәсіп етсін!", - деді ол.