#
#
Cәрсенбі 28/10/2020

Қапшағайдың балығына Ресей ерекше қызығушылық танытып отыр

  • 16.10.2020
  • 0
  • 168

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысы Қапшағай қаласындағы «Kaz Organic Product» циклды балық өндірісі кешеніне баспасөз турын өткізді. Кәсіпорынның ерекшелігі - экологияға зиян келтірмейтін өндіріс циклы жасалған, балыққа арналған азық пен отырғызу материалдары кешеннің өз ішінде дайындалады.

Жоба азаматтардың өмір сапасын жақсарту факторы ретінде ҚР өндірістік қауіпсіздік бағдарламасына толық сәйкес келеді.

БАҚ өкілдері кәсіпорынды аралап, африкалық клариус, тилапия және австралиялық қызыл шымшуырлы шаянды жабық суда өсіру процесімен танысты. Нарыққа шығарылатын қайта өңделген балық өнімдері көрсетілді.

Кәсіпорын басшысы Алексей Щетинин зауыттың қуаты жылына тірі және қатырылған 10 мың тонна балық өндіруге жететінін атап өтті. Зауыттың ерекшелігі сол, бассейнде балықты 6 айда дернәсілден бастап 1 кг тауарлық салмаққа дейін өсіріп, 1 жылда екі рет өнім алуға болады.

«Қазір Үкімет халықтың көбірек балық өнімдерін тұтынуына көңіл бөлуде. Бұл өндіріс қуатын арттыруға әсерін тигізеді. Тірі балықты да, қайта өңделіп ұзаққа сақтауға арналған өнімді де көбейту керек. Біз өндіріске аквамәдениеттің 10-ға жуық заманауи түрін енгіздік. Мәрмәр клариусын, тилапия және австралиялық шаян өсірудеміз. Биыл 2000 тонна өнім өткізуді жоспарлағанбыз. Пандемияға жоспарымызға аздап өзгеріс енгізді», - деді А. Щетинин.

Оның сөзінше, 70 адам жұмыс істейтін зауытта қолданылатын заманауи технологиялар мен күн сайын судың экспертизасын өткізетін зертхана өнімнің экологиялық таза болуын қамтамасыз етеді.

«Өнім сатылмас бұрын өзімізде және қаладағы зертханада тексеріледі. Жемді Қазақстанда жасалған таза ингредиенттерден өзіміз дайындаймыз», - деді ол.

Маман Қазақстан су ресурстарында жыл сайын 600 мың тонна балық өсіру үшін аквамәдениетті қарқынды дамыту қажет деп санайды.

«Бүгінгі таңда Үкімет әр аймақта балық шаруашылығы бойынша негізгі проблемалар мен ұсыныстарды жинауда. Соның негізінде балық өндірушілерді қолдау бойынша Заңдарға өзгеріс енгізілу керек. Айта кететін бір проблема - салада маман жетіспейді. Біз өз қызметкерлерімізді шетелде оқыттық. Енді институттармен бізде жастардың тәжірибе алмасуы жөнінде, бірлесе маман дайындау бойынша келісіп жатырмыз», - деп айтты кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтан бөлек Ресейге экспортталады.

«Қазақстандық өнім табиғи таза, химиялық қоспасы жоқ болғандықтан Ресей жоғары бағалайды. Сондықтан халықаралық нарықта да ұялмай мақтана аламыз. Балықтың 15 түрлі өнімін дайындаймыз. Клариустың ерекшелігі - оны аллергиясы бар адамдарға да жеуге болады. Пандемия кезінде коронавируспен ауырған адамдар жатқан ауруханалардың рационына еніп, біз балық жеткізіп тұрдық», - деп атап өтті кәсіпорынның қоғаммен байланыс менеджері.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар