Сурет ашық дереккөзден алынды
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елдегі қант тапшылығы туралы қауесетке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Жыл басынан бері қант бағасының 11%-ға төмендегенін байқап отырмыз. Қант тапшылығы жоқ және болмайды. Әрине, былтыр бұл төңіректе мәселе туындады. Осыған байланысты қант зауыттарын қолдау бағдарламасы қабылданды. Бүгінде 4 зауыт 70 мың тоннаға жуық қант өндірді. Қазақстанға Ресейден қант әкелініп жатыр. Сондықтан жалпы нарықтағы жағдай теңдестірілген. Қанттың қымбаттауына негіз жоқ», - деп жауап қатты Арман Шаққалиев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Қоса кетсек, осы брифингіде сөз алған Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков кейбір өңірлердегі кәсіпкерлер бидайды қымбат бағамен сатып жатқанын айтты. Оның дерегіне сай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі астық құнын негізсіз көтергендерге тергеу жүргізеді.