Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов және Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев 2019 жылғы қаңтардағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары туралы баяндады.
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 2,9% құрағанын атап өтті. Өсім тұтыну нарығындағы, сондай-ақ өнеркәсіптің өндіруші секторларындағы сұраныстың сақталуымен қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіпте сусындар (15,6%), резеңке және пластмасса бұйымдары (14,3%), жеңіл өнеркәсіп (17,5%) және химия өнеркәсібі (6,6%) өндірістерінде жоғары өсім байқалды. Есепті кезеңде тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,8%-ға өсті. Ұлғаю мұнай өндірудің 5,3%-ға, табиғи газдың 6,1%-ға және түсті металдар кендерінің 15,8%-ға артуымен байланысты.
Ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім қарқынын көрсетуде. Өндіріс көлемі 3,5%-ға өсті. Бұл өсім мал шаруашылығы өндірісінің 3,6%-ға ұлғаюы есебінен болды.
Қызмет көрсету саласының көрсеткіші 3,6%-ға өсті. Көлік саласында өсім 3,7% құрады.
Сауда-саттықта 7,5% деңгейінде айтарлықтай өсім белгіленген. Бұл негізінен газ, мұнай, мұнай өнімдері, қара және түсті металл кендері, жабдықтар, азық-түлік тауарлары, сусындар және т.б. тауарлардың бөлшек және көтерме тауар айналымының ұлғаюымен байланысты.
Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышевтың айтуынша, 2019 жылғы қаңтарда айлық инфляция 0,5% құрап, жылдық инфляция 5,2% дейін бәсеңдеді. 14 қаңтарда Ұлттық банк 9,25% деңгейінде базалық мөлшерлемені сақтады. Кедергі болмаған жағдайда базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляцияның 4-6% жаңа дәліздің ішінде қалыптасуын қамтамасыз етеді. Жыл басынан бастап теңгенің долларға қатысты нығаюы байқалуда. Мәселен, 8 ақпандағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 1,4%-ға нығайып, бір долларға 378,73 теңгені құрады. Бұл мұнай нарығындағы жағымды конъюнктура және Ресей рублінің нығаюы аясында орын алуда.
Д. Ақышев Қазақстан Ұлттық банкінің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастыратынын атап өтті. Ұлттық банктің валюта нарығындағы нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы қаңтарда нөлге тең болды.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келе жатқанын атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша банктердің активтері 25,2 трлн теңгеге дейін 4,5%-ға ұлғайды. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар несиелер қарыз портфелінің 7,4%-ын құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 9,3% құрған еді. Сақтандыру ұйымдарының активтері 1 трлн теңгеге дейін 13%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 13%-ға ұлғайып, 520 млрд теңгені құрады.
ҚР қаржы министрі Ә. Смайылов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Есепті айда бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістер артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 117,9%-ға, республикалық бюджеттің кірістері — 112,5%-ға, жергілікті бюджеттердің кірістері — 134,6%-ға орындалды. Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 593 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткішпен салыстырғанда олардың өсу қарқыны 128%-ды құрады. Бюджетке 130 млрд теңгеге артық кіріс түсті. Республикалық бюджетке 428 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 47,6 млрд теңгеге, ал былтырғы ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 129 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны — 143,1%.
ҚР қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, жоспардың асыра орындалуы негізінен корпоративтік табыс және қосымша құн салықтары бойынша қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджетердің жеке кірістері 43 млрд теңгеге артығымен орындалып, 166 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу сомасының 81%-ы немесе 35 млрд теңгесі салықтық түсімдерге жатады.
Шығыстардың орындалу пайызы былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда жоғары. Мемлекеттік бюджет шығыстары 94%-ға (2018 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша — 90,5%), республикалық — 95,3% (91,9%), жергілікті бюджеттер — 92,1%-ға (89,4%) атқарылды. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 190 млрд теңгеге игерілгені аталып өтті. Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 175 млрд теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе өсті (83 млрд теңге). Өсу барлық өңірлерде белгіленген.
Есепті айды бюджет қаражатын игеру үшін ұйымдастыру іс-шараларын өткізу кезеңі деп айтуға болады. Бюджет қаражатын игерудегі негізгі фактор — мемлекеттік сатып алулар рәсімдерінің оңай қолданылуы. Осыған орай мемлекеттік сатып алулар рәсімдері толығымен электрондық форматқа ауыстырылды, бұл жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашады.
Қаржы министрлігі салық және кеден салаларындағы әкімшілендіруді әрі қарай жақсарту жұмысын жүргізеді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп бюджет қаражатының уақытында және тиімді игерілуін қадағалайды.
Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірінші айдың қорытындылары бәсеңдеу үдерісін көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар, жылдың жақында басталғанын ескерсек, Үкімет қарқынды жақсарту жұмыстарын ретке келтіруі тиіс.
Құрылыс секторына назар аудару тапсырылды. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола облыстарында және Астана қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеген. Осыған орай өңірлердің әкімдеріне құрылыс қарқынының қалпына келуін қамтамасыз етіп, аталған жұмысты жеке бақылауға алу тапсырылды.
Бұдан өзге, өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қарағанды облысының әкімімен бірлесіп, өндіріс көлемін қалпына келтіру мақсатында Арселор Миттал Теміртау зауытында қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету бойынша оперативті қолдау көрсету тапсырылды.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа бағыттарында ешқандай кедергі жоқ екені аталып өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін барлық мүмкіндіктер мен қорлар бар. Б. Сағынтаев экономиканың әр саласына қатысты жұмысты жандандыруды тапсырды.