Семейде әскерилерге тиесілі «ТИГР» арнайы көлігін басып алуға қатысқан күдіктілердің бірі ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 548 қылмыстық іс бар. Қылмыс жасады деген күдік бойынша уақытша ұстау абақтысына 887 адам ұсталып, оның 789-ы қамауға алынды. Олардың 205-і - бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, 8-і - іздеуде жүрген адамдар», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, күдіктілердің кінәсі алынған заттай дәлелдемелермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен және басқалармен дәлелденеді.
«Мысалы, Семей қаласында әкімшілікті және әскерилерге тиесілі «ТИГР» арнайы көлік құралын басып алуға қатысушылардың бірі ұсталды. Күдіктінің кінәсі оның ұялы телефонынан табылған бейнежазбамен дәлелденді. Ол уақытша ұстау абақтысына жабылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу органдары ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды ғана ұстайтынын тағы да атап өтемін. Ауырлығы аз қылмыстар бойынша – қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылады», - деді Санжар Әділов.
