29 ақп, 2020 сағат 19:25

Қаңтар айында қазақстандықтар интернет арқылы 1,2 трлн теңге жұмсаған

Қазақстан қаржы қауымдастығының талдау орталығы қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша статистикаға шолу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қауымдастықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2020 жылдың қаңтарында ҚР аумағында жасалған қолма-қол ақшасыз карточкалық төлемдер көлемі 1 586,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге артты. Желтоқсанға қарағанда төмендеу 17%-ды құрады, бұл маусымдық фактордың әсерімен және ұзақ жаңа жылдық мерекелерге байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар, қаңтар айының қорытындысы бойынша ҚР аумағында карточка бойынша төлемдердің жалпы көлеміндегі Алматы қаласының үлесі өзгерген жоқ - 35%. Одан әрі Нұр-Сұлтан қаласы – 17% (-1%), Түркістан облысы және Шымкент қаласы – 7% (+1%) тұр. 

«Былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда қолма-қол ақшасыз төлем көлемі барлық өңірлерде төмендеді. Алайда, қолма-қол ақшасыз төлемдер жылдық есеппен айтарлықтай өсімді көрсетеді. Ең үлкен өсім Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарында және Шымкентте байқалады. Карточка пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлем бойынша «орташа чек» қазіргі уақытта 11 553 теңгені (өткен жылғы қаңтарда — 9 916) құрайды, ал банкоматтан алу сомасының орташа мөлшері осы мөлшерден шамамен 4 есе асып, 45 366 теңге (45 744) болды» делінген хабарламада. 

ҚР аумағында қаңтар айында жасалған қолма-қол ақшасыз карточкалық төлемдер көлемінің 74%-ы интернетте төлеуге, ал 25% POS-терминал арқылы төлеуге тиесілі. Бұл ретте соңғы 12 айда Қазақстанда карточкалар бойынша транзакциялардың жалпы көлемінде POS-терминалдардың үлесі 20%-ға төмендеді.

2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банктердің айналымдағы карточкаларының саны 33,9 млн жетіп, карточка ұстаушылардың саны – 30,7 млн болды (2019 жылмен салыстырғанда – тиісінше 43,4% және 57,6% өсім байқалады). 

Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг (тиісінше 44,7% және 74,3%) және POS-терминалдар (қолма-қол жасалмайтын операциялардың жалпы саны, көлемінен тиісінше 55,0% және 24,7%) арқылы жүргізілді.