27 там, 2020 сағат 15:21

Қанша оқушы мектептен компьютер алып үлгерді?

Жергілікті атқарушы органдар шамамен 200 мың компьютер сатып алып, оқушыларға берді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында министр компьютер жеткізу жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатқанын баса айтты. 

«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға және Азаматтық кодекске сәйкес, бұл компьютерлер мұқтаж отбасыларға уақытша пайдалануға беріледі. Бұл мектептің мүлкі екендігін түсіну қажет. Компьютерлер мектеп үшін сатып алынып, оқу процесі аясында қолдану үшін балаларға беріледі», - деді Асхат Аймағамбетов. 

Оның атап өтуінше, техника сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдар қаржы бөлген. Бұған қоса, республикалық бюджеттен де қосымша қаражат жіберіліп отыр. Компьютерлер ең алдымен көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына беріледі. 

Министр оқушыларға берілген компьютерлер бүлінген жағдайда бұл мәселе «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 72 және 76-баптары аясында шешілетіндігін айтты. 

Оның сөзіне қарағанда, өткен оқу жылының 4-тоқсанында балаларға берілген техниканың ешқайсысы бүлінбеген. Ата-аналар мектеп мүлкіне зор жауапкершілікпен қарап отыр.