24 мам, 2022 сағат 10:45

Канело мен Головкиннің үшінші жекпе-жегі қайда өтетіні айтылды

©Vesti.kz, Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварестің үшінші жекпе-жегі қайда өтетіні белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.

"Альварес 168 фунт салмақ санатына оралады. Ол сол салмақта сөзсіз чемпион болады. Қыркүйек айының ортасында, яғни Мексиканың Тәуелсіздік күнінде Головкинмен жекпе-жек өткізіп титулын қорғайды. Жекпе-жек орны әлі белгісіз, бірақ Лас-Вегаста өтуі мүмкін, себебі алғашқы екі жекпе-жек сол жерде өткен болатын", - деп жазады Forbes.

Канело мен Головкин арасындағы үшінші жекпе-жек 17 қыркүйекте өтеді деген болжам бар.

Айта кетейік, Головкин мен Канело алғаш рет 2017 жылдың қыркүйегінде жекпе-жек өткізіп, нәтижесі тең аяқталған болатын, ал бір жылдан кейін өткен кездесуде мексикалық жеңіске жеткен.

Еске салайық, осыған дейін мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізетінін жария еткен болатын.