WBC және WBA Super нұсқалары бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (54-1-2, 36 КО) желтоқсанда қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 36 КО) айқасуы мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Sports.kz.
Жексенбіде Альварес түркиялық міндетті үміткер Авни Йылдырыммен (21-2, 12 КО) айқасады, мамырда коллекциясын британдық Билли Джо Сондерстің (30-0, 14 КО) WBO титулымен толықтыруға тырыспақ, ал қыркүйекте абсолютті чемпион атағына жетпей тұрған америкалық Калеб Плантаның (21-0, 12 КО) IBF белбеуін тартып алуға тырысады.
«Кез келген нұсқаға дайынмын. Бастысы боксшының мықты болғаны, жанкүйерлерді айқас қызықтырып тұруы керек. Егер оларға Головкинмен үшінші жекпе-жек керек болса, неге жасамасқа?», - деді Альварес.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың қыркүйегінде Головкин мен Альварес тең түсті, ал тура 12 ай өткеннен кейін «Канело» аздаған ұпай айырмашылығымен жеңіске жеткен болатын.