Кандидаттың сайлау қорына түскен жасырын қаражат бюджет кірісіне алынады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Сайлау туралы» туралы Конституциялық заңының 20-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекет президенттікке кандидаттарға өз бағдарламасымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражаттың тең бөлігіне кепілдік береді. Кандидаттарға БАҚ-қа шығу үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемі туралы 2018 жылғы 25 тамыздағы №12202 қаулыға сәйкес, кандиттарға теледидарда - 15 минут, радиода - 10 минут, мерзімді баспасөзде немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парақтан аспайтын екі мақала жариялау үшін бірдей көлемде қаражат бөлу көзделген. Сондай-ақ, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабы 2-тармағына сәйкес, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттың сайлау алдында көпшілік шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға, көлікке жұмсайтын шығындары жабылады. Осыған орай, ОСК қаулысының жобасы әзірленген. Қаулы жобасымен ҚР Президенттігіне кандидаттың шығын мөлшері 7 млн 331 200 теңге көлемінде белгіленіп отыр», - деді ол.
Сонымен қатар, комиссия хатшысы президенттікке кандидаттың сайлау қоры туралы айтты.
«Біріншіден, кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік кандидатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының 12 000 есе мөлшерінен аспайды, бұл - 510 000 000 (бес жүз он миллион) теңге. Екіншіден, республиканың азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 15 000 еседен аспайды, бұл - 637 500 000 теңгені құрайды», - деді ОСК хатшысы.
Оның айтуынша, белгіленген мөлшерден тыс артық түскен ақша қаражаты сайлау қорларына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Жасырын қайырымдылық қаражаты республикалық бюджет кірісіне аударылады.
«Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат қана жіберілуі мүмкін. Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарға ғана тиесілі», - деді С.Мұстафина.