23 қыр, 2020 сағат 08:31

Қандастарға ақыл-кеңес беретін байланыс орталығына 2587 өтініш келіп түскен

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қорының жанынан қандастарға ақпараттық қолдау көрсететін байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Оның нөмірі - 1404, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы бүгінде әлемнің 40-қа жуық елінде қандастарымыз тұрақты тұрып жатқанын атап өткен болатын. Яғни, онда этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігін қарастыруды, шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейтуді, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасауды, шетелдегі білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды елге тарту және олардың электронды дерекқорын жасауды, жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. 

Сонымен қатар қандастарға байланысты барлық сұрақтарды әкімшіліктер мен министрліктер бірлесе отырып шешеді. Оларға жан-жақты қолдау мен көмек беріліп, жұмыстарын жүйелі әрі қарай қарқынды жүргізу үшін 2018 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесе жұмыс істейтін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоры құрылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылы 18-мамыр № 280 қаулысымен «Шетелдегі қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Оның негізгі міндеті – тарихи Отанына біржолата қоныс аударған қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне құқықтық ақыл-кеңес беру, тұрмыс-тіршілігін оңдап, кәсіппен айналысуына көмектесу, сондай-ақ шетелдерде тұратын қандастарға қолдау көрсету. 

2019 жылы сәуір айында қандастарымызға арналған жобалардың бірі - байланыс орталығы ашылды. 

«Отандастар қоры» КеАҚ пен «Қазақтелеком» АҚ арасында жасалған әріптестік меморандум аясында әлем елдеріндегі қандастарымызға арналған «Байланыс орталығының» қызметі іске қосылды. Бұл - қандастар үшін аса қуанышты әрі жағымды жаңалық болды. 

Меморандумға сәйкес қос тарап арасындағы серіктестік қатынас қалыптасып, сол арқылы жоба жүзеге асырылуда. Байланыс орталыққа техникалық қолдау көрсету, «Қазақтелеком» АҚ серіктес ретінде Байланыс орталығының операторларын ұсыну, жаңа технологияларды қолданумен қамтамасыз ету, қазақстандық ұялы операторлар номерлерінен ақысыз қоңырау шалуға мүмкіндік берді. «Байланыс орталығы» қандастарға қолдау көрсетудің іс жүзіндегі әрекеттерін дәлелдейтін тағы да бір қадам болды.

«Байланыс орталығы» қызметі 1404 (ұялы қоңыраулар үшін), 8-800-080-1404 (Қазақстан бойынша қоңыраулар үшін), +7 (7172) 981404 (Қазақстан және шетелден шалынатын қоңыраулар үшін) нөмірлері бойынша қолжетімді, сондай-ақ WhatsApp және Telegram мессенджерлері, Skype қоңырауы арқылы қандастарымыз хабарласып, туындаған сауалдарының барлығына жауап ала алады. 

Мемлекет тапсырысымен байланыс орталығы интеграциялық және бейімдеу қызметтерін көрсету бойынша ақпарат жинау және талдау, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, қандастарға көмек көрсету және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мақсатында жиырма мың сұрақ-жауапты қамтитын көлемді мәлімет базасы құрылды. 

Қандастарымызға мемлекеттік қызметтерді ұсыну, «оралман» мәртебесін және ҚР азаматтығын алу, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, мемлекеттік көмек, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарына түсу туралы, сондай-ақ шетелден көшіп келушілерді жұмыспен қамту, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу мәселелері бойынша түскен сұрақтарға нақты ақпарат пен кеңес беріліп жұмыс жүйелі жүргізілуде. 

«Байланыс орталығы» туралы мәліметті этникалық қазақтар тұратын 40-қа жуық мемлекеттің ҚР елшіліктерінің веб-сайттары мен әлеуметтік желілерінде жарияланды. Елімізде этникалық қазақтардың қатысуымен өтетін спорттық мәдени іс-шаралар, отандастар бизнес форум конференциялары тұрақты түрде хабарландырылуда. 

Сондай-ақ этникалық қазақтар жиі пайдаланатын Instagram, Facebook және тағы басқа әлеуметтік желілерде ақпарат беріледі. Республиканың облыс, қала, аудан деңгейіндегі 200-ге жуық әкімдікке, 12 құзырлы министрлікке арнайы хат жіберілді. 

Осы күні байланыс орталығының 1404 нөміріне елге көшіп келген қандастарымыздан 2587 өтініш, WhatsApp, Telegram, Skype, komek@oq.gov.kzпоштасы арқылы 476 хабарлама қабылданды. Өтініштің барлығына қажетті жауап берілді.

Елімізде болып жатқан жаңалықтар мен жетістіктерді іске асырылып жатқан көші-қон саясатын, оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында Қазақстан елшіліктері арқылы белсенді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келеміз.