20 қыр, 2019 сағат 12:43

Қанат Ислам көпбалалы анаға елордадан баспана сыйлады

Бүгін кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бастаған «QAZAQ promotions» промоутерлік ұйымы «Ел-Несібе» Қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры арқылы 8 баласы бар жалғызбасты анаға 2 бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Промоутерлік ұйымның мәліметінше, пәтер Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында Сарыарқа ауданында орналасқан. Баспана көпбалалы отбасыға ыңғайлы болуы үшін іргесінде орналасқан мектеп және балабақшаның жақындығына орай арнайы таңдалды. Сондай-ақ, пәтердің іші тұрмысқа қажетті барлық техникалармен, төсек-орынмен толық жабдықталған.

Пәтердің кілтін жалғызбасты ана Гүлшат Баяділоваға қазақ кәсіпқой боксының жарық жұлдызы, WBO Inter-Continental чемпионы Қанат Ислам өзі тапсырды. Көпбалалы отбасы соңғы секундтарға дейін баспаналы болатынын, оның кілтін қазақтың мақтанышы Қанат Ислам тапсыратынын білмеген. Барлығы құпия ретінде сақталған. Өмірде көптеген қиындықтарға кездесіп, мойымаған анаға тосынсыйды «Ел-Несібе» Қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының өкілдері арнайы ұйымдастырған.

Гүлшат Баяділова – «Күміс алқа» иегері, 8 баланы өмірге әкеліп, ер жеткізген. Баласының алды тұрмыс құрып, жеке отбасы болып отыр. Екінші баласы науқас, қаржының тапшылығынан медициналық көмек уақытылы көрсетілмегендіктен, нақты диагнозы анықталмаған. Үшінші баласы колледж студенті, ал қалған 5 баласы мектеп оқушылары. Осы уақытқа дейін жер үйдің аядай бір бөлмесін паналап келген. Пәтерге төлейтін қаражаты болмағандықтан, зәулім коттедждің қыста отын жағып, жазда күлін төгіп, ауланы тазалап, басқа да жұмыстар істегені үшін тегін тұрған. «Клуб добряков» көмек ретінде, холодильник, газ плитасын, төсек, диван әкеліп берген. Оған дейін жерге жатып жүрген екен.

Баспананың зардабын тартып келген жанұя жағдайы туралы білген «Ел-Несібе» Қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының өкілдері жан-жақтан көмек сұрастыра жүріп, қазақтың жомарт пейілді жаужүрек ұлы Қанат Исламға осы жайды жеткізеді. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен 5 шілдеде Алматыда өткен «Қанат Исламмен бокс кеші» атты шарадан жиналған қаржының бір бөлігіне көпбалалы отбасыға баспана алып беруді ұйғарған.