01 сәу, 2020 сағат 10:45

Қанапиянов: Дәрігерлер, әскерилер, полиция қызметкерлері әр күнін ерлікпен өткізуде

Ақын, «Парасат» орденінің иегері Бақытжан Қанапиянов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше барлық қазақстандық Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен үлкен әсер алды. Оның мәлімдемесін ақын, жазушы ретінде «Әрқайсымызбен бірге» деп сипаттар едім. Дәрігерлердің, әскерилердің, полиция қызметкерлерінің және карантинде отырған азаматтардың ерлікпен өткізіп жатқан күндері Мемлекет басшысының назарында. Халыққа, соның ішінде ең алдымен дәрігерлерге материалдық көмек көрсетіледі. Ақ халатты абзал жандар ХХІ ғасырдағы індет кезінде алдыңғы шепте келе жатыр. Әрқайсымыздың көкейімізде «Біз біргеміз» деген сөз тұр. Осылай жалғаса беруін тілеймін», - дейді ақын Бақытжан Қанапиянов.

Сондай-ақ, ол дәрігерлерге қандай көмек көрсетілетіні туралы тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы кешегі мәлімдемесінде «Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық» деді. Расымен де, дәрігерлер вирус жұқтырған адамдардың проблемамен жалғыз бетпе-бет қалмауы үшін күресіп, бар күш-жігерін салуда. Осы орайда үкімет те оларды материалдық, рухани тұрғыда қолдау көрсеткені қуантады», - деді ол.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.