«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова жүрек-қан тамырлары ауруы барларды міндетті түрде емханаларға тіркеуге тұруға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір Еуропада індеттің жаңа толқыны жүріп жатыр. Елімізде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақтанды. Қан айналымы ауруларына тоқталсақ, яғни созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруы барлар жауапкершілік танытуы керек. Осы орайда ковид-пневмония кезінде тәуекел тобында еніп тұр. Күретамыр, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек аруларымен қатар жүретін қант диабеті науқастары міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша емханаларда тіркеуге тұруы керек. Олар дәрілік препараттарды қабылдауы қажет», - деді дәрігер.
Махаббат Бекбосынованың айтуынша, күретамыр қысымын, қант деңгейін бақылауда ұстау өте маңызды. Сәйкесінше, барлық дәрілік препараттарды дәрігердің нұсқауымен қабылдау керек.
«Жүрек ауруы барлар тіркеуде болмаса, міндетті түрде емханаға баруы керек. Себебі бұл адамдарға вирустық инфекциялар ауыр тиеді», - деді дәрігер.