05 там, 2020 сағат 16:34

Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокста бақ сынайды

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокста бақ сынайтын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жөнінде MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясының Instagram парақшасында хабарланды. 

«MTK Kazakhstan бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаевпен келісім-шарт жасалғанын қуанышпен хабарлайды», - деп жазылған аталмыш парақшада. 

Еске сала кетсек, Қамшыбек Токио Олимпиадасына 91 келі салмақта жолдама жеңіп алған болатын. Сондықтан былғары қолғап шеберінің алдағы уақытта дүбірлі додада бақ сынауына мүмкіндігі бар. 

Айта кетерлігі, ол мұндай бәсекеде тұңғыш мәрте шаршы алаңға шығады. 

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол - Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әлем (2017, 2019) және Азия чемпионаттарында (2017, 2019) екі-екі мәрте күміс жүлдегер атанды.