07 жел, 2020 сағат 12:10

Кәмелетке толмаған балалармен байланысты қылмыстар неден туындайды

Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстың 70%-ы тұрмыстық жағдайда және баланың айналасындағы адамдар тарапынан жасалады.

Бұл туралы онлайн брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтардың өткен жылдардағы қылмыстары бойынша өтініштері көбейді. Мұндай өтініштер шамамен 30% құрайды. Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың 70% күнделікті өмірде және балаға жақын адамдар (әкелері, өгей әкелері, анасымен бірге тұрушылар, туыстары, көршілері мен таныстары) тарапынан жасалатынын атап өткен жөн.

«Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты жасалған әрбір екінші қылмыс полиция кіре алмайтын пәтерлерде, үйлерде, жатақханаларда жасалады және мұндай жағдай қылмысты анықтауда белгілі бір қиындықтар тудырады. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың қылмыстың құрбаны болуының себептері: балаларды ата-ана назарынан тыс және бақылаусыз қалдыру, баланың ересектерге қарсы тұра алмауы және сенгіштігі, бұқаралық ақпарат құралдарының кері әсері, соның ішінде интернетте көп отыруы, моральдық-отбасылық құндылықтардың төмен деңгейі, отбасындағы әлеуметтік кемшіліктер, ата-аналардың алкогольді шектен тыс пайдалануы», - дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова.