10 мау, 2024 сағат 18:49

KamaTyresKZ биыл 1 млн шина шығаруды жоспарлап отыр

Сурет: Zakon.kz

Қарағанды облысының Саран қаласында KamaTyresKZ шиналар шығаратын зауыттың құрылысы 2021 жылдың сәуірінде басталды. Құрылыс жұмыстары стандартты 48 емес, 36 айда аяқталды – бұл өндірістік нысандар үшін рекордтық қысқа мерзім.

106 мың шаршы метр аумақта KamaTyresKZ жыл сайын 3,5 млн шина шығарады. Биыл маусымда өнімнің бірінші партиясы – жеңіл автомобильдер үшін 32 мың шина, жүк көлігі үшін 6 мың шина шығады. Өнім Қазақстан Республикасының аумағында да, экспорттық нарықтарға да жеткізілетін болады.

Зауытта шикізат дайындау, резеңке қоспаларын, «жасыл» шина дайындау, жинаудан бастап вулканизация мен сапаны бақылауға дейінгі барлық технологиялық процестер бірыңғай дәйекті схемада жүзеге асырылды. Өндірістегі бірегей технологиялар мен жабдықтар автоматтандырудың жоғары деңгейімен, энергия тиімділігімен және қоршаған ортаға минималды әсерімен ерекшеленеді. ҚХР, Германия, Италия, Португалия және Жапониядан әлемдік салалық өндірушілерден 800-ге жуық жабдық орнатылды. Бұл Орталық Азиядағы үлгілі өндірістердің бірі.

Жобаның жалпы құны 228,9 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру үшін шамамен 140 млрд теңге (58%) тікелей шетелдік инвестициялар, 42% – қайтарылатын қаражат. Бұл сондай-ақ өңірде ірі салық төлеуші пайда болғанын білдіреді – 2022 жылдан бері кәсіпорын 6,7 млрд теңге салық төледі.

Жоба технологиялық циклды кезең-кезеңмен енгізуді көздейді. Әдетте, бұл процесс, ұқсас өндірістерді іске қосудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес, 18 айдан 20 айға дейін созылады.

Сурет: Zakon.kz

Қазіргі таңда KamaTyresKZ жабдықтың бір бөлігін орнатқаннан кейін алғашқы сынақ шинасын шығаруды сәтті жүзеге асырды, іске қосу-реттеу жұмыстары және технологияны пысықтау үшін сынақ партияларын шығару жүргізілуде. Сынақ өнімдерін шығару технологияға сәйкес және инженер-технологтардың, сапа және технологиялық процесс бойынша басшылардың мұқият бақылауымен жүзеге асырылады – зауыт іске қосылуға дайындалуда.

Зауыт өнімдері Attar брендімен шығарылады. Осы уақытқа дейін өндірілген шиналар Чехия мен Германияда сынақтан өтіп, барлық қажетті сертификаттарға ие болды. 2023 жылы "KamaTyresKZ" ЖШС өндірістік алаңын аттестаттау өткізіліп, ISO 9001:2015 сәйкестік сертификаты алынды.

2024 жылы барлығы 1 млн шина шығару жоспарлануда. Зауыт өнімдерін жеткізуге, оның ішінде шетелдік тапсырыс берушілер тарапынан офтейк-келісімшарттар расталды.

Зауытта қазірдің өзінде 528 адам жұмыс істейді (оның 514-і Қазақстан азаматтары және 14-і шетелдік мамандар), олардың орташа жасы 38-де, өндіріс қызметкерлері "Татнефть" тобының шина кешендерінде оқудан өтті.

Зауыт айналасындағы ақпараттық науқан өндіріс орнындағы нақты жағдайға сәйкес келмейді. Зауыт негізгі жабдықты іске қосудың бекітілген технологиялық кестесіне сәйкес жұмыс істейді.

Экономикалық әсерлерден басқа, жобаның ірі жұмыс беруші ретінде маңызды әлеуметтік рөлі бар екенін атап өткен жөн – толық қуатқа шыққан кезде 1125 жұмыс орны құрылады. Кәсіпорын өз қызметкерлерін көрші қалалардан (Қарағанды, Теміртау, Шахан, Шахтинск, Абай және т.б.) жұмыс орнына дейін тегін тасымалдаумен қамтамасыз етеді, қызметкерлерге тамақтану құнының 62% өтеледі. Зауыт аумағында заманауи медициналық пункт ашылды, кәсіпорын қызметкерлеріне арналған асханалар жұмыс істейді, жұмысшылардың логистикасы ұйымдастырылды.

Әкімдікпен бірлесіп көрші қалалардан келетін қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.