09 қаз, 2018 сағат 11:27

Қалпына келтіруге болады - Сағадиев электронды күнделікке хакерлік шабуыл туралы

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев kundelik.kz порталына хакерлік шабуыл туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық ақпараттық технологияларға шабуыл жасалды және сәйкесінше электронды күнделікке зақым келді. Шабуыл бірнеше күнге жалғасқан. Істің мән-жайын толық білмеймін. «Күнделік» жүйесі «ҰАТ» АҚ қарасты, соның ішінде орналасқан», - деп жауап берді министр Үкімет үйінде журналистер сұрағына.

Оның айтуынша, шабуыл салдарынан kundelik.kz қана зардап шеккен жоқ.

«Электронды үкіметтің бірнеше қызметі істемей қалды, бірақ бұл барлығы қирады деген сөз емес. Сол сәтте уақытша істен шыққан болуы мүмкін. Мен бұл саланың маманы емеспін, бірақ қажетті қорғаушы бағдарламаларды орнатса, барлығы өз орнына келеді», - деді Сағадиев.

Бұған дейін бірқатар БАҚ kundelik.kz порталына хакерлік шабуыл жасалғанын хабарлаған еді. ҚР БҒМ өкілдерінің түсіндіруінше, шабуыл 4 қазан күні болған.