- 9 жасар Мейіргүлдің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа жазған өтініші орындалды. Ол жақын күндері ата-анасымен қауышатын болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі Ауыт Мұқибекұлы мәлім етті.
«Ішкі істер министрі Мейіргүлдің өтініші бойынша, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментіне хат жазып, Үрімжідегі консулдықтан Самет Ұларбек пен Тұрсын Оралханға елімізге кіру визасын беруді сұрапты. Кеше 22 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Үрімжідегі Мейіргүлдің анасынан телефон арқылы қуанышты хабар келді. Олар еліміз консулдығынан Қазақстанға келу визасын алыпты. Енді санаулы күндерден соң, Алматыда қалған қызымен аман-есен қауышады. Қандасымыз "Нұр Отан" партиясына алғысын жаудырып жатыр», - дейді Ауыт Мұқибекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізген еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа 9 жасар Мейіргүл өтінішпен келген болатын. Оның ата-анасы еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылған еді. Ал Мейіргүл бүгінде Алматыда туыстарының қолында қалған. 2016 жылғы 7 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрі Қ.Қасымовпен өткен қабылдауда Мейіргүл Ұларбекқызы Алматыдан келіп, министрдің қабылдауында болды. Өтінішін айтып, ата-анасының тезірек Қазақстанға оралуына рақымшылық жасауын сұраған еді.