07 қаз, 2023 сағат 12:23

Қадыровтың 15 жастағы ұлына "Шешенстан батыры" атағы берілді

Фото: Адам Делимхановтың Telegram-арнасы

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 15 жастағы ұлы Адамға "Шешенстан батыры" атағы берілді. Бұл жөнінде Ресей мемлекеттік думасының депутаты Адам Делимханов хабарлады.

Делимханов кіші Қадыровты "ерекше сауатты, жан-жақты, білімді, мақсатқа ұмтылғыш жас жігіт" деп сипаттады.

Ол сонымен бірге Адам Қадыровтың барлық жетістіктерін де тізіп шықты: "Құранды жатқа біледі", "аралас күрес бойынша беделді жарыстарда бірқатар жеңістерге қол жеткізген" деді.

Рамзан Қадыровтың өзі ұлына "Шешенстан батыры" атағы берілуіне түсініктеме бермеді.

Адам Қадыров жуырда Грозный түрмесінде Құранды өртеді деп айыпталған Никита Журавельді ұрып-соққан. Бұл оқиға жөнінде Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова айтқан. Омбудсмен Шешенстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Мансур Солтаевқа қайырылып, оқиғаның жай-жапсарын сүраған. Ол "соққыны медициналық куәландыру мен куәгерлердің сөзіне назар аударға шақырған".

Ал Солтаев Журавельдің оқиғасымен "органдар айналысып жатыр, әрбір факт тексеріледі" деді. Оның айтуынша, Журавель өзін аяғы мен қолдарынан ұрғанын айтқан.

Кейін Шешенстан ұлттық саясат, сыртқы байланыс, ақпарат және баспасөз министрі Ахмед Дудаев 15 жастағы Адам Қадыровтың студент Никита Журавельді "діни сезімге берілген күйі" ұрып-соққанын мойындаған.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ұлы Адамның студент Никита Журавлевті ұрғанын мойындап, әрекетін мақұлдаған. Ол сонымен бірге Журавель Құранды өртегені үшін "қатаң жазалануы керек" деп мәлімдеген. Одан бөлек, Қадыров ұлының Журавельді ұрып жатқаны жөнінде видео жариялап мақтанған.

Айта кетейік, Волгоградта құран өртелгені туралы видео әлеуметтік желіде биыл 19 мамырда шыққан. Екі күннен соң жергілікті тұрғын, Украинада туған, Волгоградта тамақ тасушы болып істейтін Никита Журавельді ұстаған. Ол аннексияланған Қырымнан Волгоградқа барған.

Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Журавельдің ісін Шешенстанға бергізген.

Былтыр қазанда Рамзан Қадыров кәмелетке толмаған үш ұлы - Ахмат, Әли және Адамның Украинадағы ұрыс қимылдарына қатысқанын мәлімдеген. Онысына дәлел ретінде балаларының зеңбірек пен гранатометпен атып тұрғанын көрсететін видео жариялаған. Шешенстанның оппозициялық телеарналары детальдарына қарап, видеоның тылда түсірілгеніне назар аударған.