09 жел, 2016 сағат 11:22

Қадыров: Шешен әскері Сирияда азғындармен соғысуға дайын

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров республика әскері егер Кремль талап етсе, Сириядағы "сілімтіктерге" қарсы қуана соғысатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол ресейлік БАҚ-тың Сирияға ондағы Ресей әуе базасын қорғау үшін шешенстандық екі арнайы батальоны жіберілетіні туралы ақпарына орай айтты.

Қадыров Сирияға әскер жіберілетіні туралы ақпаратты растамады, бірақ Instagram-дағы аккаунтында Шешенстанда орналасқан әскерилердің Сирияға баруға қуана келісетінін айтты. "Ресей президенті Владимир Путин бұйырса Сирияға азғындармен соғысуға мақтанышпен баратын едім. Жауды біздің жерімізге жеткізбей өз апанында жою керек" деп жазды Қадыров.

Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдап Сирияға 2015 жылдың қыркүйегінен бері әуеден шабуыл жасап келеді. Ресейдің әскери қолдауы Асад әскерінің көтерілісшілерге соққы беріп, территорияларын қайтарып алуына, оның ішінде Алеппо қаласын азат етуіне мүмкіндік тудырып жатыр.

Қадыров бұған дейін өзі мен әскерін "Путиннің сарбаздары" деп атаған. Осы жылдың басында Қадыров мемлекеттік телеарнаның эфирінен "өз адамдарын" Сирияға барлау мәліметтерін жинау үшін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының қатарына енуге жібергенін мәлімдеген.