Медицина ғылымының докторы, денсаулық сақтау жүйесі ардагерлері кеңесінің төрағасы Қадыр Омаров вакцинаның маңызы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Медицина ардагерінің айуынша, қазір бүкіл әлем коронавируспен күресіп жатыр.
«Қазір коронавирус ауруы өршіп, вирус жұқтырғандар саны күн санап артып барады. Елде де, көрші мемлекеттерде де ауруға қарсы күреске көп күш жұмсалып жатыр. Үкімет тарапынан вакцинацияға қомақты қаржы бөлінуде. Қоғамда бұл қатерлі дертпен күресуде. Десекте, коронавирусқа қарсы екпе салдырып жатқандар аз. Көп адамды әлі вакцинациядан өткізуіміз қажет», - дейді Қадыр Омаров.
Сонымен қатар, ол бұл дерттің бетін тек вакцина қайтаратынын жеткізді.
«Біз көпті көрген адамбыз, 50 жылдан астам медицина саласында жүрміз, кезінде вакцина арқылы көптеген ауруларды жеңгенбіз, біз індетті қалай жеңе алатынымызды білеміз. Бізде құқық жайлы сөйлейтін, теледидарда және ғаламторда «вакцинаны алуға да, алмауға да болады», деп айтатын талай блогерлер бар. Енді, біз өз елімізге, қазақ халқына айтқымыз келеді: «біз вакцина алуымыз керек. Ия, сіздің вакцина алмауға толық құқығыңыз бар, алайда сіз әке-шешеңізді, балаларыңызды, туыстарыңызды ойлауыңыз керек. Вакцина - біздің болашағымыз, біздің денсаулығымыз» - деп қосты медицина ғылымының докторы.
Тәжірбиелі медицина маманы вакцина ауруға қаншалықты төтеп бере алатынын тілге тиек етті.
«Қазіргі күнде барлық ауруға қарсы тұра алатын вакцина жоқ. Біз қазір беріліп жатқан вакцинаны салдырумыз керек, себебі, ол қазіргі штамдарға күші жетеді. Ал ертеңгі болатын өзгерістер - ол биология, ол табиғат. Мүмкін екі жылдан соң жаңа вакцина жасалатын шығар, біз оны білмейміз. Оны уақыт көрсетеді. Бірақ бүгін біз осы коронавирусқа қарсы ем алуымыз керек. Қажет болса екінші рет аламыз. Біз талай ауруды осылай жеңгенбіз, ертеңгі күні осы ауруды да жеңе аламыз»,- деді спикер.
