Президенттік кадр резервіне кірген жастар лауазымға тағайындалмай тұрып, арнайы әзірленген бағдарламамен білімдерін жетілдіреді. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік кадр резервіне енген жастармен кездесуінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жұмысымыз осымен бітпейді. Біз жобаны жүзеге асырудың жаңа кезеңіне көшеміз. Резервтегілер жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін арнайы әзірлеген бағдарламамен оқытқымыз келеді. Курстар сарапшы-қатысушының ұсынымын ескере отырып, дербес болуы ықтимал. Бағдарлама резервшінің жауапты мемлекеттік лауазымда жұмыс істеу үшін қажетті қосымша білім алуына бағытталады», - деді агенттік басшысы.
Оның атап өтуінше, президенттік резерв жасақтау бастамасы елімізде де, сонымен қатар одан тысқары жерлерде қоғам тарапынан кеңінен қолдау тапқан.
«Резервшілердің мәлімделген саны да айрықша танымалдыққа ие болды. Бұл ретте, резервтегілерді даңқты 30 спартандықпен жиі салыстырып жатады. Дәл осы резервке кіру үшін үміткерлер арасында бәсекелестік пен интеллектуалдық бақталастық болды. Президенттік жастар кадр резерві сынды шыңды бағындырған жастарымыз белгіленген биіктікті ұстап тұрарына сенемін», - деді Анар Жайылғанова.