13 шіл, 2020 сағат 09:45

Кәдірбек Сегізбаев: Дәрі-дәрмекті қымбатқа сатып, пайда тапқандарды аямай жазалау керек

Белгілі жазушы, журналист Кәдірбек Сегізбаев жұртшылықты сақтыққа шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жалғыз қазаққа ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының басына төнген үлкен қасірет қой. Жалпы мен азамат болғалы тек әкелеріміздің, бабаларымыздың үлкен дерттерге ұшырағанын, оба немесе сүзекті өткергендерін жиі еститінмін. Кейінгі кезде медицина ғылымы әбден жетілді ғой. Мұндай сұмдықтар енді бола қоймас деп ойлаушы едік. Аяқ астынан осындай нәубет болды. Дегенмен бұл нәубет – халықтың басына түскен үлкен сын деп айтуға болады. Былайша айтқанда, «мылтықсыз майдан». Қазір оңымыздан келе ме, солымыздан келе ме, аспаннан шыға ма, жерден келе ме – адам білмейді. Әйтеуір ауру жұқтырған ағайындар, жолдас-жоралар тым көбейіп кетті. Шығын да аз емес. Мұның бәрі қалай болғанда да үлкен қасірет», - деді Кәдірбек Сегізбаев ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде. 

Жазушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі күнді – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.

«Бұл өте дұрыс. Қалай болғанда да өлі разы болмай, тірі байымайды. Біздің кеше ғана қасымызда жүрген азаматтар, жолдас-жораларымыз о дүниелік болып жатыр. Мұның бәрі мылтықсыз майданның құрбандары. Мұны анау жасапты, мынау жасапты деп кінәлауға болмас. Бұл вирус мүмкін табиғи, бәлкім жасанды шығар. Қалай болғанда да біраз азаматтарымыздың қайтыс болып жатқаны рас. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», - деген жазушы көз жұмған азаматтардың артында қалған бала-шағасына, жолдас-жораларына амандық тіледі. 

Кәдірбек Сегізбаев өз сөзінде жұртшылықты сақ болуға шақырды. 

«Бұл нәубеттен күн ысығанда немесе күн суығанда құтыламыз деген әңгіме шықты. Мұның бәрі бір Алланың қолында шығар. Қалай болғанда да бұдан құтыларымыз рас. Қазір бүкіл әлем болып індетке қарсы әрекеттер жасалып жатыр. Сол себепті үмітіміз еш уақытта азаймайды. Біз ел болып, жұрт болып, бұдан да құтыламыз», - деді ол. 

Жазушы көпшіліктің сақтық шараларын сақтай бермейтінін өкінішпен айтып өтті. 

«Той-томалақ, қаза болғандарды жаназалап шығарып салу, топталып бару дегендер – аурудың жұғуына бірден-бір себеп болып отыр. Сондықтан халқымызды сабырға шақырған дұрыс шығар. Әрбіріміз қазір өз басымызды ойламайық. Бұл аурудың кеселі қиын көрінеді. Әр адам өзін сақтаса – ағайындарын да сақтайды деген сөз. Жақынына жанашыр болу деген осыдан шығады деп ойлаймын. Сондай-ақ осындай нәубет кезінде, халықтың басына қасірет түсіп тұрған уақытта кейбір пайдақор ұсақ адамдардың дәрі-дәрмекті алып қымбатқа сатуы, саудагерлік жасауы – біздің қазақ үшін жараспайтын үлкен мін деп санаймын. Үкіметтің бұл жағдайды қайта-қайта ескертіп айтып жатуы орынды шаруа. «Аюға намаз үйреткен» таяқ дейді. Мұндай оспадарларды аямай жазалау керек. Онсыз да жегіштік, жемқорлық әуреге салып тұрған кезде нәубетке нәубет қосуға болмайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ағайын», - деп түйді Кәдірбек Сегізбаев.