Фото: ҚР ТСМ
Алматыда өткен кадеттер арасындағы (U8–U12) шахматтан Әлем чемпионаты-2025 мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, үш алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлем чемпионы атанған қазақстандықтар:
-
Алиша Бисалиева (G8, 8 жас) – 9½ ұпай;
-
Әдинұр Әділбек (O8, 8 жас) – 9½ ұпай;
-
Данис Қуандықұлы (O12, 12 жас) – 9 ұпай.
Алиша мен Әдинұр соңғы турда тең түсе отырып, алтын жүлдені жеңіп алды. Ал Данис Қуандықұлы өз жетістігін қайталап, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Жалпыкомандалық есепте де Қазақстан үздік нәтиже көрсетті.
Биылғы додаға 88 елден 842 жас шахматшы қатысып, олардың ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 229 ойыншы бақ сынады. Жарыс 11 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтті.
Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов чемпиондарды, олардың отбасыларын және жаттықтырушыларын құттықтап, бұл жеңіс мемлекеттік қолдаудың, балалардың таланты мен табандылығының жемісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары іске асырылып, бүгінде 300 мыңға жуық бала шахматпен шұғылдануда.
