16 нау, 2021 сағат 10:10

Jusan Bank пен АТФБанк қосылады

Jusan Bank пен АТФБанк акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қосылу нәтижесінде Jusan Bank активтер мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіретін болады. Осылайша, бірігу аяқталғаннан кейін Jusan Bank активтерінің көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды», - делінген АТФБанктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта. 

Jusan Bank Директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады. 

«Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізудің арқасында қосылғаннан кейін нарықтағы 10 пайыздан асатын үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз», - деді Шигео Катсу. 

Екі қаржы институтының қосылуының нәтижесінде Jusan Bank бүкіл еліміз бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісін және 180-нен астам бөлімшелерді қамтитын болады. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылу үдерісін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.