Мұқтаж отбасылар Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан тегін маскалар алады. Бірнеше күннің ішінде «Jas Otan» еріктілері Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 100 мыңнан астам отбасына жеке қорғаныс құралдарын жеткізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Nur Otan партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен түнде еріктілер 5 миллион масканы алдын ала орап дайындады. Бүгінде олар маскаларды тұрғындардың әлсіз топтарына, соның ішінде жалғызбасты қарттарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, ардагерлерге, ерекше қажеттіліктері бар және т.б. азаматтарға жеткізуді бастап кетті.
Сонымен қатар, күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев мұқтаж адамдарға тікелей атаулы көмек көрсетудің екінші толқыны басталатынын айтты. Бұған дейін Елбасының тапсырмасымен «Birgemiz» қорынан 152 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілді. Енді жиналған қаражаттың аясында тағы да 200 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасын қамту жоспарланып отыр. Отбасылық коэффициенті есепке ала отырып, шамамен 1 миллион адамға көмек көрсетіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, екінші толқын кезінде мұқтаждарды мүмкіндігінше көбірек қамту мақсатында бұрын көмек алмаған отбасыларға басымдық беріледі. Жуық арада облыс әкімдері мен әлеуметтік қорғау органдары көмек алушылардың тиісті тізімдерін әзірлейді. Көмек көрсету мерзімі - мамыр айының басы.
Nur Otan партиясының жастар қанаты азық-түлік жиынтықтарын жеткізу жұмыстарын күшейтті. Ал «Jas Otan» еріктілері бұған дейін бүкіл ел бойынша 56 мың мұқтаж отбасыға көмек көрсеткен болатын.