Израиль ұлттық кітапханасының өкілі Стефан Литт жазушы Франц Кафка салған суреттер бар дәптерді көрсетіп тұр. Иерусалим, 7 тамыз 2019 жыл.
Өткен ғасырдағы әйгілі жазушылардың бірі Франц Кафканың қолжазбасының қалған бөлігі Израиль ұлттық кітапханасына берілді. Бұл туралы Associated Press хабарлады.
Чехияда туып-өскен тегі еврей жазушы шығармаларын неміс тілінде жазған.
Кітапханаға Кафканың "Ауылдағы тойға дайындық" әңгімесінің үш қолжазба нұсқасы, иврит тілінде жазылған дәптер, достарына жазған жүздеген хат, жол жазбалары мен суреттер тапсырылды. Олардың кейбірі бұған дейін еш жерде жарияланбаған. Кітапхана өкілдерінің мәлімдеуінше, қолжазбаны жыл соңына дейін цифрлық құжатқа көшіріп, кейін көптің назарына ұсыну жоспарланып отыр.
Кафка қолжазбаларын даулап, сотқа жүгінген апалы-сіңлілі екі адамның айтуынша, бұл дүниелер оларға жазушының досы әрі биографы Макс Бродтың хатшысы болып істеген аналары Эстер Хоффеден қалған. Кафка досына қолжазбаларды өртеуді тапсырған, бірақ Брод оларды сақтауды ұйғарған.
Хоффе швейцариялық банкте сақтаған құжаттар ондаған жылдар бойы сонда болған. 2008 жылы апалы-сіңлілер бұл құжаттардың заңды иесі өздері екенін мәлімдеп, сот процесі басталған. Биыл көктемде Швейцария соты Кафка қолжазбаларын Израильге беру туралы шешім шығарған.