Израильде жүргізілген зерттеу көрсеткендей, Pfizer вакцинасының екі дозасын да алған ел тұрғындары арасында коронавирусты жұқтыру қаупі 95,8%-ға төмендеген, деп хабарлайды Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі.
Ақпан айында Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық бөлімі Pfizer вакцинасының тиімділігіне талдау жасады, оның барысында вакцинаның екі дозасын алған адамдардағы және мүлде екпе салдырмаған адамдардағы аурудың даму қаупін салыстырылды.
Жарияланған есепке сәйкес, вакцинаның қызбаға және тыныс алудың кез келген проблемаларына қарсы тиімділігі 98%-ды құрады. Сондай-ақ, вакцина ауруханаға жатқызу қаупін 98,9%-ға және өлім жағдайын 98,2%-ға төмендетеді. Тұтастай алғанда, коронавирус тудыратын аурудың ауыр ағымын болдырмауда оның тиімділігі 99,2% деп бағаланды.
Статистика 13 ақпанға дейін жиналған мәліметтерге негізделді, бұл ретте израильдіктер вакцинаның екінші дозасын 13 ақпанға дейін кемінде екі апта бұрын алған. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, зерттеуге қосылған 1,7 миллионға жуық адам вакцинаның екі дозасын 30 қаңтарға дейін қабылдаған.
Бұған дейін елдің Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Шези Леви Израильдің мақсаты 2021 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін халықтың 60%-ға жуығын вакцинациялау деген болатын.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 8,9 миллион израильдіктің 4,2 миллионы вакцинаның алғашқы дозасын қабылдады, ал елдің 2,8 миллион азаматы екі дозаны да алды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сенбіде 50-ден асқан азаматтардың 95%-ы алдағы екі апта ішінде вакцинациядан өтеді деп мәлімдеді.