11 мам, 2022 сағат 18:50

Израиль жүргізген рейд кезінде палестиналық журналист қаза тапты


«Әл-Жазира» телеарнасының журналисі Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Дженин қаласында Израиль жүргізіп жатқан рейд кезінде оққа ұшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі АР-ға сілтеме жасап.

Оқиға сәрсенбі күні таңертең болған. Палестиналық журналист әрі телеарна репортері Ширин Абу Аклеге оқ тиіп, көп ұзамай қайтыс болған. Тағы бір телеарна журналисі — палестиналық Али Самуди арқасынан жарақат алып, ауруханаға түсті. Оның жағдайы тұрақты. 

«Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Шириннің басына оқ тиген. Ол ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді, кейінірек дәрігерлер оның қайтыс болғанын жариялады» деп хабарлайды WAFA Палестина агенттігі. 

Өз кезегінде Израиль билігі тергеуді бастады және журналист Палестина тарапынан атылған оқтан қаза болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Телеарнаның хабарлауынша, Израиль сарбаздары Шириннің репортаж кезінде басқа адамдардан ерекшеленетін «пресс-күртеше» кигеніне қарамастан, оған оқ жаудырған. Израиль әскерилері Джениндегі операция кезінде өздеріне жарылғыш заттар мен оқ атылғандықтан, оларға «жауап қайтарғанын» хабарлады. Әскерилер «бұл оқиғаны зерттеп, журналистерді палестиналық содырлар жаралаған деген болжамды зерттеп жатырмыз» деді.