10 қаз, 2018 сағат 17:35

Израиль раввині отбасы татулығындағы құлақтың маңызы туралы айтты

Израильдің Сефардтық Бас раввині Ицхак Иосеф Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде діни қақтығыстардың неден пайда болатыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұл жерге ең қасиетті қала Иерусалимнен келіп тұрмын. Біздің дін нені оқытады? Иудей дінінің негіздерінің бірі - шалом, яғни бейбітшілік. Бейбітшілік адамзат өмірінің бір негізі, бейбітшілік - Құдайдың есімдерінің бірі», - дейді ол.

Ицхак Иосеф некені бұзу процесіне жиі қатысатынын айтады.

«Әртүрлі жағдайлар болып жатады. Заңнамамызға сәйкес, барлық тараптарды тыңдай білуіміз керек. Оның орнына біз тараптарды татуластыруға мәжбүрлейміз. Солайша, отбасының бұзылуына жол бермеуге тырысамыз. Тәжірибеме сүйене отырып сөйлер болсам, ұрыстың бәрі - тараптардың бірін-бірі тыңдағысы келмеуі себебінен туындайды. Ал тараптар бір-бірінің сөзін тыңдауға бар-жоғы бір сәт бөлсе ғана бәрі өзгеріп шыға келеді», - дейді ол.

Израильдік діндардың айтуына қарағанда, дәл осы себептен иудаизм ең алдымен, есту органына барынша мән береді.

«Иудей заңы бойынша әрбір дене жарақатының өзіндік құны бар. Яғни, бет немесе өзге де мүше жараланса, оның белгілі бір бағасы белгіленген. Бірақ, бізде құлаққа түсірген жарақат үшін кінәлі адам ең жоғарғы құнды төлейді. Оның құны - кісіні өлтіргенмен бірдей. Яғни, адам естімейтіндей жағдайда қалса - онда ол өлі адаммен бірдей болып қалады», - дейді И.Иосеф.

Раввиннің айтуынша, Қазақстан Президентінің осыдан 15 жыл бұрын бастаған съезінің маңызы аса зор.

«Қақтығыс барысында әртүрлі адамның ой-пікірлері де әртүрлі. Міне, сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев бәрімізді бір үстелдің басына жинап, бірегей мүмкіндік беріп отыр. Ендігі жауапкершілік бізде. Конструктивті диалогты жасай отырып, өзгеге үлгі бола білуіміз керек», - деп түйді раввин.