Фото: Анадолы
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху күніне 10 израильдік тұтқын босатылатын болса, Газа секторындағы төрткүндік гуманитарлық үзілісті ұзарту мүмкіндігін құптайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Каzinform Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін видеоүндеу жасап, осылай деп айтты.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, ол АҚШ президентіне Газадағы әскери қимылдарға «бар күшімен» қайта оралуға ниетті екенін хабардар еткен.
Оның сөзінше, Израиль «ХАМАС-ты жоюды», тұтқынға алынғандардың бәрін қайтаруды және Газаның «бұрынғы күйге оралмауын» қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Бұл ретте ХАМАС өкілдері де көбірек тұтқын босату үшін Израильмен гуманитарлық үзілісті ұзартуға ниетті екенін мәлімдеді.
Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа төрткүндік гуманитарлық үзіліс туралы бітім жұма, 24 қарашада жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де күшіне енген болатын.
Бітім Израиль түрмелеріндегі 150 палестиналық тұтқынды ХАМАС ұстаған 50 израильдікке айырбастауды қарастырады.
Екі жақтан да бостандыққа шығатындар арасында әйелдер мен балалар бар. Қазіргі уақытта келісім аясында Газа секторында ұсталған израильдік 39 әйел мен бала, сондай-ақ Израиль түрмелеріндегі 117 палестиналық әйел мен бала босатылды.
Еске салайық, Палестиналық ХАМАС радикалды тобы 7 қазанда Израильге шабуыл жасап, музыкалық фестиваль өтіп жатқан жерден көптеген адамды күштеп әкеткен болатын. Тұтқынға алынғандар арасында Қытай мен Таиланд азаматтары да бар екені айтылды.
22 қарашада Израиль мен ХАМАС тұтқындарды босатуға, соғысты уақытша тоқтатуға келіскенін жаздық.
Тұтқындардың алғашқы легі 24 қарашада босатыла бастады. Олар Таиландтың 12 азаматы екені айтылды.
Кейіннен ХАМАС тағы 13 израильдікті еркіне қоя берді. Оған жауап ретінде Израиль 39 палестиналық тұтқынды жіберді. Сонымен қатар Таиландтың тағы төрт азаматы босатылды.
Бүгін ХАМАС тобы Қызыл Крестке израильдік тұтқындардың үшінші тобын тапсырғаны мәлім етілді.