29 қаз, 2023 сағат 15:32

Израиль әскері ХАМАС нысандарына бір тәулікте 450-ден астам соққы жасаған

© AFP 2023 / JACK GUEZ

Израиль әскері бір тәулік ішінде Хамастың 450-ден астам әскери нысанына, оның ішінде командалық орталықтар мен зымыран ұшыру пункттеріне соққы жасағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Өткен тәулікте Израиль әскери ұшақтары Газа секторындағы ХАМАС лаңкестік ұйымына тиесілі 450-ден астам әскери нысанға, соның ішінде жедел басқару орталықтарына, бақылау бекеттері мен танкке қарсы зымыран ұшыру пункттеріне соққы берді", - делінген ЦАХАЛ-дың Телеграм каналдағы мәлімдемесінде.

Армия құрылықтағы операцияларды кеңейту аясында Израиль әскерінің күштеріне шабуыл жасамақ болған және танкке қарсы зымырандарды ұшыруды жоспарлаған "террорлық ұяшықтарға" соққы берілгенін атап өтті.

Бұған дейін Израиль әскері Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындарды анклавтың оңтүстігіне көшуге шақырған.

Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газа секторында қаза болғандар саны 8 мыңнан асты, оның жартысы - балалар, 18 мыңнан астамы жарақат алған.